Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен ТМД елдерінің мәдени астанасы іс-шараларын өткізу және дайындық жұмыстары бойынша мәжіліс болып өтті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәдени астана мәртебесін жоғары деңгейде атап өту үшін қала әкімдігімен негізгі 6 бағытты қамтитын тапсырма- жоспар бекітіліп, бүгінде олармен тиісті жұмыстар басталып кетті.
Мәдени астана жылы ТМД елдері мен ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетінін айтқан қала басшысы осы арқылы қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін әлемге танытуға мүмкіндік мол екенін айтып, іс-шараны жоғары деңгейде өткізу бойынша жауапты сала жетекшілеріне нақты бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Тапсырма-жоспарда салалық басқармаларға құрылыс және көлік инфрақұрылымы мен туристік инфрақұрылымды дамыту, денсаулық сақтауды ұйымдастыру және еріктілерді тарту бағытында медициналық пункттердің жұмысын ұйымдастыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, өрт қауіпсіздігі және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сонымен қатар, ақпараттық қолжетімділікті қамтамасыз ету мен әлеуметтік-мәдени қоғаммен байланыс іс-шараларын өткізу бағыты бойынша нақты міндеттерді тапсырды.