Қызылорда облысында талапқа сай емес 256 келі азық-түлік сауда сөрелерінен алынды, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.
Тағам өнімдері арасында ең көп сәйкессіздік ет, сүт және кондитерлік өнімдердің үлесінде. Сараптамаға алынған 91 алкогольсіз энергетикалық сусындардың 7-еуі талапқа сай болмай шықты. Олардың таңбалануы дұрыс емес. Сондай-ақ құрамында кофеин мен құрғақ қоспалар нормадан көп болған. Тауарлардың сапасына мониторинг жүргізу шеңберінде өткен жылы сауда объектілерінен отандық және шетелдерде өндірілген 3 мыңдай азық-түлік өнімі сатып алынып, сараптама жүргізілген болатын.
Шарбану Исламова, облыстық тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бас маманы:
—Заңнамаға сәйкес ұйғарымдар берілді. Және жоспардан тыс тексерулер тағайындалып, 2 млн 726 мың теңге айыппұл салынды. Ұйғарымды орындамаған тұлғалардың 11 ісі сотқа жолданып, соттың шешімімен 1 млн 800 мың теңге айыппұл салынды.