Атыраулық отбасы «Халал» дүкеннен ет сатып алып, қонақ шақырған. Дастарханға қойылған асылған еттен ауыз тигеннің бәрі уланып, дәрігерге жүгінуге мәжбүр болған деп хабарлайды Pyx.kz тілшісі Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Зоя Сатқанғалиева мереке қарсаңында Халал дүкенінен 50 мың теңгеге 26 келі ет салып алған. Ет асып, одан ауыз тигеннің бәрі астан уланғандарын айтып, шағымданыпты. Зоя әжейдің сөзінше, келген қонақтың бәрінің іші ауырған. Қария меймандарының ажал құшапағанына шүкір деп отыр.
Зейнеткердің айтуынша, жедел жәрдем көлігі екі рет келгенімен, ешқандай ем жасамаған. Қарияның сөзінше, учаскелік дәрігер берген дәрінің арқасында жағдайы жақсарған. Десе де іш ауруы мен әлсіздік әлі де қайтпай отыр екен.
Геолог емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Дәурен Жомартовтың айтуынша, Зоя әжейдің жағдайы орташа ауыр дәрежеде болған. Ол әлсіздік, ішінің өтуі, жүрек айнуына шағымданған. Маман осының бәрін ескере отырып, ішек инфекциясы деген диагноз қойыпты.
Дәрігердің дерегінше, соңғы екі айда осындай аурумен тағы 4-5 науқас дәрігерге келген. Ақ халаттының айтуынша, адамдар етті халал дүкеннен алған.
Ал халал дүкен қожайыны еттен улану мүмкін емес дейді. Мерғұлан Сұлтанғалиев ветеренарлардың анықтамасы бар екенін алға тартып отыр. Айтуынша, бұған дейін ешкім шағым жасамаған.
Сол күні қонақ күтісуге келген зейнеткердің қызы Лаураның да отбасы дәл осылай ауырған. Дегенмен ол балаларын үйден емдеп алыпты. Лаураның айтуынша, енді олар жазылып алған соң қалған етті сараптамадан өткізбек.