Дәмхананы корей жігітіне күйеуге тиген қазақстандық келіншек ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл атауды оған кәсіпкерлік нысанның иесі, Қазақстан азаматы берген.
Владислав Цой, тілші:
– «Шырайлы Шымкент» дәмханасы Ёнсанда орналасқан, егер корей тілінде жазу көп демесеңіз, құдды бір Қазақстандағы үшінші мегаполисте жүргендей сезінесіз. Ёнсан да Шымкент секілді мемлекеттің оңтүстігінде орналасқан, ауа райы да ұқсайды, қазір сынап бағанасы +20 градусты көрсетіп тұр. Ал тағамдардың дәмі қандай, оны сәл кейінірек айтамыз.
Ёнсан қаласы тұрғындарының алғашқы қазақша еттің дәмін тату сәті. Жылқы еті оларға ұнаған сияқты.
Пак Ман Хо, Ёнсан қаласының тұрғыны:
– Бұл корей тағамдарына ұқсайды. Ешқандай айырмашылық жоқ сияқты. Қазақ тағамдарын бірінші рет жеп тұрмын, бірақ қазақстандықтарды білемін. Олар осында жұмыс істейді. Корея үшін бұл үлкен көмек.
Баходыр Усманов, аспазшы:
– Қазақша ет, самса, кәуапқа көп тапсырыс беріледі. Оларға бәрі ұнайды.
Сәуле Қосақаева Ёнсанда жұмыс істейтін ТМД елдерінен келген достарының өтініші бойынша дәмхана ашқанын айтады. Ол өзі жергілікті зауыттарда жұмыс істеген, сондықтан шетелдіктерге корей тағамына үйрену қиын болатынын біледі.
Сәуле Қосақаева, дәмхана директоры:
– Қуырдақ, өзіміздің ет, бешпармақ дейді ғой. Нарын істейміз, сорпа, лағман. Етіміз халал. Халал сертификатымен аламын. Сондықтан сол етті жеу үшін көп мұсылман елдерінен келеді.
Владислав Цой, тілші:
– Қазының дәмін көрейік. Дәмді, Қазақстандағыдай.
Астан кейін қонақтар би билейді. Олардың арасында ең танымал ән Шымкентке арналған.
Сәуле оның күйеуі Чой Ён Джудың көмегінсіз дәмхана аша алмайтынын айтады. Олар екі жыл бұрын кездесіпті. Екеуінің де отбасылық өмір тәжірибесі болған. Қазір Ян Джудың бірінші некесінен ұлы Сәулені анасы ретінде санайды. Ал Ён Джу әйелінің балаларын Кореяға әкелгісі келеді.
Чой Ён Джу, Сәуле Қосақаеваның жұбайы:
– Оңалхан, Мерей, Мейірім – тек Сәуленің балалары емес менің де балаларым. Қазір Кореяда құжаттар комиссияда қаралуда. «Олар бір жыл күту керек», – деді. Рұқсат алғаннан кейін оларды бірден Кореяға әкелемін. Жаным ауырады. Мүмкін біздің жағдайымызды мемлекеттік орган өкілдері көріп, осы мәселені тезірек шешуге көмектесер деп ойлаймын.
Сәуле Кореяда тұратын мұсылман клиенттеріне нан, ет және сүт өнімдерін пошта арқылы да жібереді. Болашақта Кореяның басқа қалаларында да «Шырайлы Шымкент» дәмханасы ашылуы мүмкін.
Сәуле Қосақаева, дәмхана директоры:
– Кафе ашу үшін көптеген нәрселерден өтесің. Оның өзінің көптеген ережелері бар. Заңдары бар, солардың бәрінен өтіп ашу керек болады. Сәті түсіп жатса неге ашпасқа деп ойлаймын.